«ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР — РУХАНИЯТЫМЫЗ» АТТЫ СЕМИНАР ӨТТІ

«ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР — РУХАНИЯТЫМЫЗ» АТТЫ СЕМИНАР ӨТТІ

Ұлыстың ұлы мерекесі әз-Наурыз Кентауда бастау алды. Облыстық арнаулы кәсіптік колледжі айтулы мерекені ерекше форматта атап өтті. Игі шараға қала әкімі Рашид Аюпов қатысып, білім ордасының жастары мен ұстаздарын мерекемен арнайы құттықтады. Ең алдымен, колледждің оқу корпусымен танысты. Ғимарат 80 білім алушыға арналған базамен жасақталған.

Наурыз мерекесіне орай өткен семинар қоғам қайраткері, белгілі түркітанушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына, қазақтың ұлы жазушысы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығына және мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 110 жылдығына арналып, мамандықтар бойынша инновациялық жобалар шебер сыныбы арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу, дамыту аясында ұйымдастырылды.

Семинарда Наурыз мерекесіне арналған концерттік бағдарлама қойылып, ұлттық құндылығымызды дәріптейтін шаралар шеңберінде киіз үй тігіліп, көпшілікке ұлттық тағамдар ұсынылды. Қала әкімі Рашид Абатұлы кішкентай бүлдіршіннің тұсауын кесіп, оқу орданың тал егу шарасына қатысты.

Ертеңіне үміті зор, болашағы кемел студенттер қауымымен, бәсекеге қабілетті оқытушыларымен, парасат биігінен көрініп келе жатқан Арнаулы кәсіптік колледж –кәсіби-техникалық білім беретін Қазақстан Республикасындағы тірек-қимыл қозғалыс аппараты бұзылған және онымен ауыратын мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бірден-бір оқу орны болып табылады.

✔️Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі