Бүгін қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, публицист, «Алаш» партиясы көшбасшыларының бірі Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл толды.
Ә. Бөкейхан мен оның жақын серіктестері А. Байтұрсыновтың, М. Дулатовтың, Ж. Ақпаевтың, М. Тынышпаевтың, Х. Досмұхамедовтың және басқа да көптеген көрнекті қайраткерлердің қоғамдық, ғылыми және саяси қызметі қазіргі мемлекеттілікті қалыптастыру жолындағы алғашқы тарихи және тәуелсіз қозғалыс болды.
Әлихан Бөкейхан 1866 жылы 5 наурызда Семей облысы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысының №7 ауылында (қазіргі Қарағанды облысы) дүниеге келген. 1890 жылы Омбы техникалық училищесін бітірген. 1890-1894 жылдары Санкт-Петербургтегі Орман институтының экономикалық факультетінде оқыды. Оқуды бітіргеннен кейін Омбы қаласындағы ауылшаруашылық училищесінде математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді.
1893 жылы Ә. Бөкейханның саяси, экономикалық және әдеби үйірмелердегі белсенді қызметі басталды. Осы кезде 27 жастағы белсенді Бөкейханның есімі «саяси сенімсіз» деген қара тізімге енеді. Осы уақытта Әлихан Нұрмұхамедұлы бүкіл дала өлкесінің ұлттық қозғалысының көшбасшысы болады. Ә. Бөкейхан бастаған қазақ зиялылары елде жаңа сипат, жаңа өрлеу ала бастаған ұлттық қозғалысқа саналылық, ұйымдасқан сипат беру жолдарын қарастырды.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың оң жағалауда орналасқан бұрынғы резиденциясы Елбасы кітапханасының музейінде арнайы экспозиция бар. Онда авторлардың бірі Әлихан Бөкейхан болған «Қарқаралы петициясы» көшірмесі ерекше орын алады. 14 500 адам қол қойған құжатта халық қазақ отырған жерлердің қазақтың меншігі болып саналатынын патша өкіметінен мойындауды, қазақ балалары білім алатын барша бастауыш мектептерге ана тілі мен жазуын енгізуді, қазақ тілінде газет шығарып, іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді талап етті.
Осы кезеңде Ә.Н. Бөкейханның белсенді саяси қызметі басталды. Ол Орыс географиялық қоғамы Батыс-Сібір бөлімшесінің толық мүшесі болды. 1905 жылдың күз айында ғалым-публицист Семей облысы қазақтарының атынан Ресей патшалығына 1-ші Мемлекеттік думаға депутат болып сайланады.
Әлихан Бөкейхан сол кезде тарап кеткен дума мүшелерінің артынан Финляндияның Выборг қаласына келеді. Выборг үндеуіне қол қояды. Сол үшін жазаланып, 3 айға Семей түрмесіне жабылады, алайда оны абақтыда 8 ай ұстайды. Босатылғаннан кейін Бөкейхан Самарыға жер аударылып, онда 1908 жылдан бастап 1917 жылғы ақпан төңкерісіне дейін болды.
Ақпан төңкерісінен кейін Ә.Бөкейхан қазақ халқының ұлт-азаттық күресіне белсене қатысты. Ә.Бөкейхан төрағалық еткен «Алаш» партиясын құру үшін жаңа жағдайлар қолайлы болды. Партия мүшелерінің саны 1917 жылға қарай 5 мыңға жетті. Көп ұзамай партия бағдарламасының жобасы әзірленді, оның бірінші тармақтарында: Ресей федеративтік демократиялық республикасының құрамында Қазақ автономиясын құру; барлық ұлттар үшін тең құқықтар; шіркеуді мемлекеттен бөлу, прогрессивті табыс салығын енгізу, ана тілінде тегін оқытуды қамтамасыз ету және басқалар болды.
1917 жылдың желтоқсанында екінші жалпықазақ съезі Алаш автономиясы жарияланып, Әлихан Бөкейхан алғашқы Қазақ республикасының тұңғыш төрағасы (президенті) болып сайланады. Алайда, Алаш автономиясының тарихы ұзақ болған жоқ, оны 1920 жылдың наурызында большевиктер жойды. Үш жыл ішінде алғашқы қазақ мемлекеттілігі қиын сынақтардан өтті. Большевиктердің толық жеңісінен кейін және Кеңес үкіметі орнағаннан кейін алаш ордашылар кеңес билігін мойындады. Алайда, олар 20-30 жылдары қуғындалып, ату жазасына кесілді.
1937 жылы 26 маусымда Ә. Бөкейхан тұтқындалады. Тергеу үш айға созылып, 1937 жылы 27 қыркүйекте сот өтті. Қазақ даласының көрнекті ұлы Әлихан Бөкейхан «террористік ұйымға» қатысы бар деген айыппен «ең жоғары қылмыстық жаза – ату жазасына» кесілді. Сол күні үкім орындалды. Әлихан Бөкейхан 71 жаста еді. Қазақтың көрнекті қайраткерін ақтауға жарты ғасыр өткеннен кейін қол жеткізілді. 1989 жылы 14 мамырда КСРО Жоғарғы сотының қаулысымен Әлихан Нұрмұхамедұлы кінәсіз деп танылды.
Әлихан қараңғылық пен надандықтың шырмауында отырған халқына білім мен мәдениет керегін ұғып, елдің тұрмысын, мәдениетін, білімін көтеруді өзінің алдына мақсат етіп қояды. Ол ұлттық идеяның негізгі қағидаларын қалыптастырды.
Қазақстан тарихының осы кезеңін талдай келе, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев өз сөзінде былай деді: «ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Қазақстанның қоғамдық саяси өміріндегі Алаш партиясының алатын орны мен қызметін зерттеу Отандық тарихымыздың ең өзекті мәселелерінің бірі. Өйткені, кезінде «Алаш» партиясының жетекшілері ұсынған қағидалары күні бүгінге дейін өз маңызын сақтап отыр».
Қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келді. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында атап өткендей, мерейтойлық жылдағы мерейтойлық іс-шаралар халыққа рухани серпіліс әкелуі тиіс.
«Ол – халқымыздың біртуар перзенті, Алаш қозғалысының негізін қалаушы. ХХ ғасыр басында Әлихан бастаған қазақ зиялылары ұлттық мүдде жолында аянбай еңбек етіп, мемлекетшілдіктің озық үлгісін көрсетті», — деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Елбасы кітапханасының кітап қорында Ә.Н. Бөкейханның өмірі мен «Алаш» партиясының негізін қалаушылар туралы баяндайтын бірқатар басылымдар жинақталған. Олардың арасында Н. Мартыненконың «Алашорда», Т.Жұртбайдың «Алаш қозғалысы», Х.Есенқарақызының «Ақ жол» 25 томдық жинағы бар.

300 комментариев к “Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл”